Шеше көрген тон пішер

Павлодар облысының Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінде тұратын Ботакөз Даухан 2019 жылы отбасымен Моңғолиядан қоныс аударған. Күйеуі Арғынбай қазір теміржолда істейді. Шекесі торсықтай бес ұлды өмірге әкелген ана, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның грантына қол жеткізгенге дейін жұмыссыз отырды.

IMG 5699

Жұмыс істейтін де мүмкіндік болмады өйткені бір баласы науқас. Осы жазда оған жұмыспен қамту орталығынан Ұлттық жобаға қатысу туралы ұсыныс түскенде ойланбастан келісті. Тігін шеберханасын ашу әуелден арманы еді. Себебі, бойжеткен кезінен бері ине жібі қолынан түспеген. Анасынан үйренген тігін тігу Ботакөзге таңсық емес. Бизнестің негіздерін үйрететін оқудан өтіп сертификатын қолға алған Ботакөзге 1 476 800 теңге (400 АЕК) қайтарымсыз грант берілді. Оған тігін машинасын, үтік тағы да басқа қажетті құралдарды сатып алды.    

«Екі үш айдан бері құрақ көрпе, көрпе жастық, бөстектің тысы секілді бұйымдарды тігіп жатырмын. Әлеуметтік желілерде жарнамам жоқ болғандықтан тапсырыс болмай жатыр. Әзірге мені білетін таныс, туыстардың сұранысын орындап жатырмын. Егер жеке шеберханам болса жарнамалауға болар еді», - дейді ісмер Ботакөз Даухан.

Қазір ол үйінің бір бөлмесінде жұмысын жалғатыруда. Егер жеке шеберханасы болса тапсырыстардың да көп болатынына сенімді. Кент тұрғындарына да жақсы болар еді. Ауылда тігін шеберханасы болмағандықтан тұрғындар қалаға шабады. Бұл қосымша шығын. Ботакөз жақында кенттің әкіміне барып орын жай сұрамақ ниетте. Шағын және орта бизнесті қолдауды Президенттің өзі де әр жолғы Жолдауында айтып келеді. Сондықтан, жергілікті жердегі шенділер өтінішін жерде қалдырмайды, - деп сенеді. Ал, нәзік жанды кәсіп иесінің арманы бес ұлдың артынан қыз тауып бар білгенін үйрету.


 

жаңалықтар, МҚБ "Самал" ОО

  • Hits: 75

+7-707-496-98-80 | +7(7182)32-00-26

Павлодар, ул.Генерала Дюсенова,106

Все права защищены © 2024 АДИМО